
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер үшін қолма-қол немесе қолма-қол емес есеп айырысулар кезінде сатушы бақылау-кассалық машинаны (БКМ) пайдаланып, қағаз немесе электрондық форматта фискалдық чек беруі тиіс екенін еске салады.
Фискалдық чек – бұл сатып алу фактісін растайтын заңды құжат. Чектің көмегімен заңда белгіленген мерзім ішінде тауарды қайтаруға немесе айырбастауға болады, осылайша өз құқықтарыңызды қорғай аласыз.
Фискалдық чек мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:
- Сатушының (салық төлеушінің) атауы мен ЖСН/БСН;
- Кассалық аппараттың зауыттық және тіркеу нөмірі;
- Чек нөмірі, сатып алу күні мен уақыты;
- Тауар/қызмет атауы, бірлігінің бағасы, саны, жалпы сома;
- ҚҚС мөлшері мен мөлшерлемесі (егер салық төлеуші ҚҚС төлеушісі болса);
- Кассалық аппарат қолданылатын мекенжай;
- Фискалдық белгі және фискалдық деректер операторы туралы мәлімет;
- Штрихкод.
Фискалдық чек бермей жатса, не істеу керек?
Фискалдық чек берілмеген жағдайда азаматтар салық төлеуші орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына e-Otinish ресми сервисі арқылы шағым жолдай алады.
Шағымға бұзушылықты дәлелдейтін бейнежазба, нақты мекенжайы мен уақыты, кәсіпкерлік субъектісінің атауы, сатып алынған тауар, жұмыс немесе қызмет туралы мәлімет, сондай-ақ мүмкін болған жағдайда басқа да қосымша ақпарат қоса берілуі қажет.
Фискалдық чек берілмеген жағдайда салық төлеушіге алғаш рет ескерту жасалады. Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанса, айыппұл салынады:
- нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын бизнес субъектілеріне – 20 АЕК;
- орта бизнес субъектілеріне – 30 АЕК;
- ірі бизнес субъектілеріне – 40 АЕК.
Сондай-ақ, қызмет барысында БКМ болмауы құқықбұзушылық болып саналады және алғаш рет ескерту жасалады. Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанса, айыппұл салынады:
- нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын бизнес субъектілеріне – 15 АЕК;
- орта бизнес субъектілеріне – 30 АЕК;
- ірі бизнес субъектілеріне – 50 АЕК.
Сонымен қатар, салықтық мәдениетті арттыру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың соңына дейін екі республикалық акция «Чекті талап ет – жүлде ұтып ал» және «Бәйге» жүргізуде. Қатысу шарты өте қарапайым – фискалдық чектерді «Amian» мобильді қосымшасында сканерлеп, тіркеу қажет. Қатысқан әрбір азамат құнды сыйлықтар мен 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдені ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Неғұрлым көп чек тіркелсе, жүлде ұтып алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.