
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап "патент" салық режимі негізінде өз қызметін жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесі 32-ге дейін қысқаратынын хабарлайды (тізбе төменде берілген).
Егер сіздің қызмет түріңіз осы тізімде болмаса, онда сіз 2019 жылдың желтоқсан айының 31-не дейін "патент" арнайы режимінен оңайлатылған мағлұмдама негізіндегі режимге, немесе тіркелген шегерімді пайдалана отырып, арнайы салық режиміне көшу туралы өтініш беруіңіз керек.
Бұл ретте, егер кәсіпкер 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін өз бетінше көше алмаса, алынған табыстың 10% мөлшерінде салық төлеумен қызметтің жалпыға бірдей белгіленген режиміне автоматты түрде ауыстырылады. Содан кейін жыл бойы ол жұмыс режимін өзгерте алмайды.
Сонымен қатар, өз қызметін жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын кәсіпкерлерге 2020 жылы үш жылға енгізілетін бақылау органдары тарапынан тексерулер жүргізуге мораторий, сондай-ақ салықтардың жекелеген түрлерін төлеуден босату қолданылмайды.
Жоғарыда аталған өзгерістер өз қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпкерлерге, сондай-ақ "өзге де қызмет түрлерімен" айналысатындарға да әсер ететініне назар аударамыз. Бұл жағдайда оларға "патент" арнайы режимінен оңайлатылған мағлұмдама негізіндегі режимге көшу туралы өтініш беруі қажет.
2020 жылдан бастап патент негізінде арнайы салық режимін қолданатын қызмет тізімі:
1) сылақ жұмыстары;
2) ағаш ұстасы;
3) еден және қабырға қаптау бойынша жұмыстар;
4) майлау және шыны жұмыстары;
5) такси қызметі;
6) автотасымалдау;
7) ақылы немесе келісім-шарт негізінде жылжымайтын мүлікті басқару;
8) фотосурет саласындағы қызмет;
9) аудармашылық (ауызша және жазбаша) қызмет;
10) мүлікті жалға беру;
11) көлік құралдарын жалға беру;
12) ойын-сауық және спорт жабдықтарын жалға беру;
13) бейнежазбалар мен дискілерді жалға беру;
14) басқа жеке заттар мен тұрмыстық тауарларды мүліктік жалға беру;
15) ауылшаруашылық техникалары мен жабдықтарын жалға беру;
16) кеңсе техникалары мен жабдықтарын, соның ішінде компьютерлік техниканы жалға беру;
17) спорттық білім беру және бос уақыт мамандарын даярлау саласындағы қызметтер;
18) мәдениет саласындағы білім беру қызметтері;
19) басқадай білім беру қызметтері;
20) қосымша білім беру қызметтері;
21) өнер саласындағы қызмет;
22) компьютерлер мен перифериялық жабдықтарды жөндеу;
23) байланыс жабдықтарын жөндеу;
24) жеке заттар мен тұрмыстық заттарды жөндеу;
25) шаштараз қызметтері;
26) маникюр және педикюр;
27) ветеринарлық қызметтер;
28) жер өңдеу бойынша қызметтер;
29) үйді жинау және тазарту бойынша қызметтер;
30) базарларда, бекеттерде жүк тасымалдаушылардың қызметі;
31) музыкалық аспаптарды жасау және жөндеу;
32) үй жануарларының жайылымы.