Жарияланған күні: 28.08.2019 14:27
Өзгертілген күні: 28.08.2019 14:27

Сіздердің қарауыңызға 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы шығарылып отыр.

Ұсынылған жоба орта мерзімді перспективада еліміздің алдына қойылған негізгі міндеттерді іске асыруға бағытталған.

Бірінші. Тұрақты экономикалық жағдайды қамтамасыз ету.

Жоспарлаудың негізі ретінде базалық макроэкономикалық сценарий қабылданған.

Ол жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсуін, инфляцияның орташа жылдық дәлізін 2022 жылы 3-5%-ке дейін төмендетумен болжайды.

Екінші. Бюджет кірістерін әкімшілендіру сапасын арттыру.

Бұл міндетті іске асырудың негізгі көрсеткіші мұнайға жатпайтын түсімдердің көлемі болып табылады.

Ол ағымдағы жылдың жоспарына 1 трлн. теңгеге өсіммен 2020 жылға 7 трлн. 489 млрд. теңге сомасында жоспарланған.

Бұл ретте шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы түсімдерінің 403 млрд. теңгесі жергілікті бюджет базасына берілді.

Үшінші. Фискалдық орталықтанудан шығару және өңірлердің дербестігін арттыру.

Өңірлердің салық әлеуетін күшейту жалпы сипаттағы трансферттер көлемін қайта қараумен және бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған бірқатар шығыстарды жергілікті бюджеттердің базасына берумен бір мезгілде жүзеге асырылуда.

Жалпы алғанда, 2,6 трлн. теңге көлеміндегі, оның ішінде 2020 жылы 729 млрд. теңге шығыстар жергілікті атқарушы органдардың базасына берілді.

Төртінші. Бюджет шығыстарын оптимизациялау.

Президенттің тапсырмаларын орындау үшін бірқатар бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілді:

- имидждік шығыстарды оңтайландыру;

- мемлекеттік тапсырмалардың біразын мемлекеттік сатып алудың бәсекеге қабілетті тетіктеріне көшірумен және шығыстарды оңтайландырумен мемлекеттік тапсырмалардың санын қысқарту;

- тиімсіз шығындарды приоритетті бағыттарға бағдарлау;

- әкімшілер бюджеттік өтінімдерін берген кезде құнын асыруға жол берілген бюджеттің ағымдағы шығыстарын оңтайландыру.

Бұл жұмыстың нәтижелері бюджет жобасында ескерілген.

Республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері мынадай көлемдерде қалыптасты.

2020 жылға арналған түсімдер ағымдағы жылдың жоспарына 639 млрд. теңгеге өсіммен 11,2 трлн. теңгені құрайды.

Мұнайға жатпайтын түсімдердің үлесі биылғы 61,4%-тен 2022 жылы 71,2%-ке дейін өсуді.

Бюджет тапшылығы 2020 жылы жалпы ішкі өнімге 1%-ке дейін кезең-кезеңмен төмендетумен жоспарланған.

2020 жылы шығыстар ағымдағы жылға қарағанда 809 млрд. теңгеге өсіммен 12,7 трлн. теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Бұл ретте шығыстардың өсу қарқыны жалпы ішкі өнімнің өсу көрсеткішінен аспайды.

2020 жылға арналған әлеуметтік сала шығыстары 303 млрд.теңгеге өсіммен 5 трлн. 692 млрд. теңге көлемінде жоспарланып отыр (2021 ж. – 6 084,6 млрд. теңге, 2022 ж. - 6 461,3 млрд. теңге).

Жыл сайынғы индекстеуге және зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны ұлғаюына байланысты қосымша 304 млрд. теңге көзделген.

2020 жылдан бастап Президенттің педагогтардың мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша үш жылға 1,2 трлн. теңге шығыстарымен іс-шаралар жоспарланды, оның 749 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттер базасына беріледі.

Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толық көшу жүзеге асырылатын болады.

Осыған байланысты, аталған бағыт бойынша шығыстар 217 млрд. теңгеге ұлғайтылды.

 Жалпы алғанда, шығыстар құрылымында әлеуметтік саланың шығыстары 44,7%-ті құрайды, 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 47,6%-ке дейін өседі.

Экономиканың нақты секторын дамытуды  қолдауға 2020 жылға 2 трлн. 039 млрд. теңге көзделген (2021 ж. - 1 685 млрд. теңге, 2022 ж. - 1 146 млрд. теңге).

Аталған қаражат шеңберінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жалғасады, жаңа Бизнестің жол картасы бағдарламасы іске асырылады, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту, ауылдарды сумен жабдықтау, газдандыру және жастар мен аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді іске асыру қамтамасыз етілетін болады.

2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері осындай.

Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесіп заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу дайындалатын болады.

Қолдауыңызды сұраймын!