Жарияланған күні: 04.06.2019 08:53
Өзгертілген күні: 04.06.2019 08:54

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен Еуразиялық даму банкі Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық даму банкі Кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Үкімет төрағасының бірінші орынбасары - Ресей Федерациясының Қаржы министрі Антон Силуанов, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Беларусь Республикасының Қаржы министрі Максим Ермолович, Қырғызстан Республикасының Қаржы министрі Бақтыгүл Жеенбаева қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты Еуразиялық даму банкінің 2018 жылдың қорытындысы бойынша қызметін талқылау және перспективалық кезеңге арналған міндеттерді айқындау болып табылады.

Банктің миссиясы қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасының қалыптасуына және дамуына, олардың экономикалық өсуіне және инвестициялық қызметті жүзеге асыру жолымен олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесуден тұрады.

2018 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі Стратегиялық кезеңде ЕАДБ өз қызметін күшті интеграциялық әсері бар жобаларды және ұлттық даму жобаларын қаржыландыруға, мүше елдердің экономикалары үшін басым салаларда "зәкірлік" клиенттермен - ірі компаниялармен ынтымақтастық құруға бағыттайды.

ЕАДБ инвестициялық қызметі үшін негізгі салалар инфрақұрылым (көлік, коммуналдық және өзге де), электр энергетикасы, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, машина жасау, металлургия және тау-кен өндіру өнеркәсібі, мұнай-газ өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, қаржы секторы, ақпараттық технологиялар болып табылады.

Жобалық-инвестициялық қызметтен басқа, акционер мемлекеттердің экономикалық интеграциясын ілгерілету мақсатында есеп айырысу-клирингтік операцияларды жүзеге асырады.

Стратегияны іске асыру кезеңінде банктің ағымдағы инвестициялық портфелінің көлемі 2,3 млрд.доллардан 3,6 млрд. АҚШ долларын, ал ЕАДБ жаңа жобаларының жалпы құны 4,6 млрд АҚШ долларын құрайды.

Бүгінгі таңда Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы банктің акционерлері болып табылады.