Жарияланған күні: 03.03.2016 16:32
Өзгертілген күні: 22.12.2016 09:26

«ШОРТАНДАР»  ШОРШЫҒАН  КҮНДЕР

НЕМЕСЕ ҚЫРЫҚ АЙЛАЛЫ  КОНТРАБАНДИСТЕР ҚАРМАҚҚА ҚАЛАЙ ІЛІНДІ?

    Қазіргі уақытта салықтық және кедендік төлемдерден жалтару фактілеріне қарсы күрес шаралары қатаң бақылауға алынған. Соның бірі – Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының «Үйлестіру тобын құру туралы» бұйрығының негізінде дүниеге келген арнайы топтың жұмысына ерекше тоқталып өтуге болады. Оның құрамына экономикалық тергеу қызметі мен салық және кеден саласының білікті  мамандары кіргізілген.  Үйлестіру тобының негізгі мақсаты – Алматы қаласына Қытайдан және Қырғыз Республикасынан  әкелінетін тауарларға сараптамалық бақылау жасау, әкеліну заңдылығын тексеру және салықтық төлемнен жалтару фактілеріне жол бермеу болып табылады. Осы орайда аталмыш үйлестіру тобының нәтижелі жұмысының арқасында қаншама контрабандалық және басқа да салықтан жалтару фактілерінің беті ашылып, бірнеше қылмыстық істер қозғалды. Сөйтіп, іс-қимылдарының жеделдігі мен дәлдігінің нәтижесінде сыртқы экономикалық қызметпен заңсыз айналысушы суббьектілердің арасында қатты үрей тудыра білді. Олар әшкерелеген қылмыстардың хроникасы да сан алуан. Сондықтан да контрабандистер мен салықтан жалтарушылардың арасында үйлестіру тобының  «спецназ» деп аталып кетуі де бекерден-бекер емес. Сонымен....

    Үстіміздегі жылдың 28 қаңтары күні Алатау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген кезекті рейд шаралары кезінде «Өжет» базарының маңында мемлекеттік нөмірі 030SSA/05,  «Мерседес» маркалы жүк автокөлігі тоқтатылды. Көліктің ішінен Қытай елінен әкелінген тауарлар шықты және ол тауарлар «Қорғас» кеденінің Шекаралық қатынастың халықаралық орталығы  арқылы өткені белгілі болды. Алайда, көлік жүргізушісі Р.Керімбакиев  әкеле жатқан тауарының заңдылығын дәлелдей алатын ешқандай тауарлық-ілеспе құжаттарды көрсете алмады. Аталмыш факт дереу сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркеліп, тергеп-тексеру шаралары қолға алынды. Тексеру барысында басқа да қосымша оперативті ақпараттарды анықтауға қол жеткізілді. Соның нәтижесінде қытайдан қандай адамдар және қай фирманың атымен тауар әкелетіні белгілі болды. Турасын айтқанда, «Parited–Build» компаниясы импортты тауарларды ресімдеген кезде кедендік төлемнен жалтару жолымен транзиттік декларацияға жалған мәліметтер енгізетіні және тауардың  сыртқы экономикалық қызмет бойынша классификациясын тура мәлімдейтіні жөнінде де оперативті ақпарат алынды. Сонымен қатар аталмыш компания жуық арада кедендік ресімдеу шараларын «Алмалы кедендік тазарту орталығында» жасайтындығы да нақтыланды. Сөйтіп, күдікті компанияның барлық кедендік операциялары қатаң бақылауға алынды және контрабанданың негізгі «шортандарын» құрықтау операциясы басталып кетті.

    Иә, оперативті жолмен алынған тиісті ақпараттар өз дәлелін табу үшін аса көп күттірген жоқ. Яғни, ақпанның төрті күні қытайдан «Parited-Build» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атына екі жүк тиеген автокөлік келді. Ертесі күні жүк иелері кедендік тазартудан өткізу үшін тауарға арналған №55307/050216/0002228-ші  декларацияны мәлімдеді. Сол мезетте үйлестіру тобы мен кедендік тексеру басқармасының қызметкерлері бірлесе отырып, кедендік тексеруді жедел бастап кетті. Шынымен де контрабанда субьектілерін анықтау үшін бірнеше күн жүргізілген оперативті іздеу және тексеру шаралары бекер болмапты. Кедендік тексеру барысында кедендік баж ставкалары төмен тауарларды мәлімдеу, кей тауарларды мүлде мәлімдемеу сияқты фактілердің беті ашылды. Мәлімдеген  тауарлардың көбісі сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасындағы классификация бойынша сай келмейтіндігі анықталды. Соның нәтижесінде тауарға арналған декларацияда мәлімделмеген тауарлардың кедендік құны 31миллион 460 мың теңгені, ал төленуге тиісті кедендік төлемдердің құны 10 миллион 354 мың теңгені құрады. Осылайша, контрабандалық жолмен тауар тасуға бейім топқа қарсы жүргізілген операция сәтті аяқталып, нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234 бабының 1 тармағымен қылмыстық іс қозғалды.

    Бұл күндері «Спецназ» атанып кеткен үйлестіру тобының жұмысы тәулік бойы тынымсыз жүргізілуде. Осы уақытқа дейін Алматы қаласында тіркелген және қалаға жүк кіргізген елуге жуық  компанияның  мекен-жайына тауар әкелген жүк көліктері қатаң сүзгіден өткізіліп, барлық материалдар салық органдарына хронометраждық тексеру жүргізу үшін берілді. Яғни, тауар қалаға кірген беттен оны өткізу пунктіне дейінгі процедуралардың бәрі жіті назарда болды. Бұл жұмыстар да жақсы нәтиже берді. Атап айтсақ, жуырда ғана «SNB BIZ GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тауар әкеле жатқан жүк көлігі тоқтатылып, сол тауарлар бойынша хронометраждық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде үлкен көлемде салықтан жалтару фактілері анықталып, 4 миллион 662 мың теңгенің қосымша құн салығы өндірілді. Сонымен қатар жанама салықтарды төлеу  декларациясын өткізу уақытын кешіктіргені үшін Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 287 бабының 1 тармағы бойынша жауапкершілікке тартылып, 1 миллион 399 мың теңгенің айыппұл салынды. Бұндай фактілер сан алуан.

    Міне, осылайша қалаға кіретін негізгі жолдар мен үлкен сауда орындарына келетін тауарлардың барлығы мемлекеттік кірістер департаменті жанынан құрылған «арнайы жасақтың» бақылауында.  Бұған қоса үйлестіру тобының мүшелері Дүниежүзілік сауда ұйымының төмендетілген ставкамен әкелінген тауарларының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерінің аумағына шығып кетпеу мәселелерін де басты назарда ұстап отыр. Яғни, тоғыз жолдың торабында тұрған Оңтүстік астанада сауда бәсекелестігі әділ болып, салықтық  теңгерілімнің тепе-теңдік қағидаты орнықты деңгейге көтерілуі үшін барлық шаралар қолға алынуда. Сондықтан да бес қаруы сақадай-сай үйлестіру тобы құрған ауға  шабақтар ғана емес, шортандар да қармалып жатыр.

 

      Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.