Жарияланған күні: 04.02.2016 18:43
Өзгертілген күні: 12.02.2016 11:26

 МҮЛІКТІ ЖАРИЯЛАУДЫҢ ЖАҢА РЕКОРДЫ                                      

 

      Мүлікті жариялауға байланысты заңға тиісті өзгерістер мен жеңілдіктер енгізілгелі бері бұл шараға қатысуға ынта танытушылар саны күн санап көбейіп келеді. Жалпы, бұқара халық мүлікті жариялаудың болашақтағы пайдасы мен 2017 жылдан бастап жалпылама декларациялау кезеңі алдындағы үлкен жеңілдік екенін жете түсіне бастады. Себебі, гуманистік қағидат нормалары кеңінен енгізілген бұндай нормативтік-құқықтық акт болашақта тағы да қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Осы орайда, көлеңкелі экономикада жасырынып, жалтақтап жұмыс істеп жүрген субьектілерге жақсы мүмкіндік туып отырғаны сөзсіз. Енді шетелдегі немесе өз еліміздегі қаржысы мен мүлкін, басқа біреудің атына жаздырып қойған жылжымайтын мүліктерін өз атына қорықпай аударатын кез келді.  Сондықтан да бұл акцияға Алматылық субьектілер белсене кірісті.

    Атап айтсақ, 2015 жылы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің аудандық басқармаларына мүлікті жария ету жөнінде 12  ғана өтініш түсіп, 807,8 миллион теңгенің ғана мүлкі жария етілген болатын. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар айының өзінде ғана мүлікті жария етуге байланысты 30 өтініш түсіп, 34,2 миллиард теңгенің (ақша мен жылжымайтын мүлікті қосқанда) мүлкі жария етілді. Яғни, бір айдағы көрсеткіш бір жылдың көрсеткішінен 42 еседен асып кетіп отыр. Бұл әрине, рекордтық көрсеткіш екені сөзсіз.

    Бұндай жетістікке қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің орталық аппараты мен аудандық басқармалары қызметкерлерінің жұмысты дұрыс ұйымдастыруы, жүйелі насихат жүргізуі және көпшілікке арнап жиі семинарлар мен «ашық есік» күндерін өткізуі нәтижесінде қол жеткенінде дау жоқ. Сондықтан да мүлікті жария ету акциясы жыл аяғына дейін күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі  болып қала береді. Мүлікті жария етуге мүдделі субьектілер үшін мемлекеттік кіріс органдарының есігі әрдайым ашық. Сонымен қатар, лауазымды тұлғалар тарапынан мүлікті жария етуге кедергі жасаған және заңда көрсетілмеген құжаттарды талап етіп, бюрократтық әрекеттерге жол берген фактілер орын алған жағдайда, төмендегі телефондарға хабарласуға болады :  272 40 34, 272 38 41, 272 40 77. Осылайша, мемлекеттік кірістер департаментінің  басшылығы мүлікті жария етуге ниет білдірген субьектілердің  мүддесін қорғауды ешқашан назардан тыс қалдырмайды.