
ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН АҚ ҰНТАҚ
транзитпен жіберілген есірткілік зат болып шықты
11 ақпан күні Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің «Жетісу» кеден бекетінің халықаралық почта жөнелту бөлімінде кезекті кедендік тексеру жүріп жатқан болатын. Кенет «Рапискан» рентгендік сканер аппаратынан өтіп бара жатқан қорап ішінен ақ ұнтаққа ұқсас зат көрінді. Қорапты жеке алып, қызметтік итті жібергенде, ол қорап ішінде есірткі зат жатқандығы жөнінде күдік білдірді. Содан кейін әлгі қорапты ашып, күдік тудырған ақ ұнтақ физика-химиялық сараптамаға жіберілді. Жедел жүргізілген сараптама қорытындысы оның жүйкеге қатты әсер етуші есірткілік препарат – Фенциклидин екенін анықтады. Жалпы салмағы 20 килограмды құрады. Аталмыш қорап Германиядан транзит процедурасы бойынша Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласына бағытталған екен.
Фенциклидин – наркоз беру кезінде күре тамыр арқылы жіберілетін синтетикалық фармакологиялық препарат болып табылады. Оны пайдалану адамның психикасына өте қатты әсер ететіні соншалық, пайдаланған адам көзі қарауытып, маңайындағыларын танымай, шынайы өмірден безушілік қарекетін бастан кешіреді. Препараттың күші адамның бойында 2 сағаттан 24 сағатқа дейін жүреді. Сондықтан да қазіргі уақытта аталмыш препараттың өндірілуі қатаң халықаралық бақылауға алынған.
Бұндай есірткілік препараттың ұсталуы халықаралық почта жөнелту бөліміндегі бірінші жағдай емес. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың бір айдан астам уақытының өзінде ғана халықаралық почта арқылы осыған ұқсас 12 факті ұсталып, процессуальдық шешім қабылдау үшін экономикалық тергеу қызметінің өндірісіне берілді. Ал 2015 жылы болса құрамында есірткілік заттар бар препараттарды өткізуге тырысқан 38 факті, қару-жарақ пен суық қару және оның аксессуарларын өткізуге тырысқан 22 факті әшкереленді. Бұған қоса ақпаратты жасырын жолмен алатын бірнеше арнайы техникалық құралдар мен тыйым салынған әдебиеттер ұсталды. Сөйтіп, «Жетсіу» кеден бекетінің қызметкерлері еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, ел тыныштығын және ұлт денсаулығын қорғау мақсатында қырағылық танытып, қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруда.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.