
КЕДЕНДІК ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕЛЕРІНЕ ШАҒЫМ БЕРУ ҚҰҚЫҒЫ ТУРАЛЫ
ЖАДЫНАМА
бұл жадынама кеден ісі саласындағы уәкілетті органға
(Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі) кедендік тексеру нәтижелеріне шағым беруге қойылатын негізгі талаптар туралы ақпаратты қамтиды
Кедендік тексеру нәтижелерімен келіспеген жағдайда Сіз оның нәтижелеріне сотқа шағымдануға немесе тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға (бұдан әрі - хабарлама) кеден ісі саласындағы уәкілетті органға шағым беруге құқылысыз (Кеден кодексінің19-тарауы).
Сотқа шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексімен белгіленген тәртіпте беріледі.
Шағым хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнi iшiнде кеден ісі саласындағы уәкілетті органға берiледi (Кеден кодексінің 175-бабы).
Шағым жазбаша нысанда беріледі және шағым берген тұлға не оның өкілі болып табылатын адам қол қояды(Кеден кодексінің 176-бабы).
Шағымда:
1) шағымға қол қойылған күн;
2) шағым берілетін кеден ісі саласындағы уәкілетті органның атауы;
3) шағым беретін тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
4) сәйкестендіру нөмірі;
5) хабарламаны шығарған мемлекеттік кірістер органының атауы;
5) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдер;
7) қоса тіркелген құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін (Кеден кодексінің 176-бабы).
Шағымға:
1) актінің және шағым берілген хабарламаның көшірмелері;
2) шағым беретін тұлғаның өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
3) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса тіркеледі (Кеден кодексінің 176 бабы).
Шағымның көшiрмесi хабарламаны шығарған кеден органына жiберілу тиiс (Кеден кодексінің 175-бабы).
Шағымды қарастыру тәртібі туралы ақпарат және шағым үлгісі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған.