Дата публикации: 20.08.2019 12:27
Дата изменения: 20.08.2019 12:27

Астана Халықаралық Қаржы Орталығының қызметін одан әрі дамыту мақсатында Қаржы министрлігі Орталықпен бірлесе отырып тиісті Заң жобасын әзірледі.

Жоба Жалпыұлттық жоспардың 27-тармағын (Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауы), «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 71-тармағын және Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-шы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау үшін әзірленді (27.05.2016ж.).

Заң жобасында ұсынылып отырған түзетулерді 2 блокқа бөлуге болады:

Бірінші блок – бұл инвестициялық салық резиденттігі;

Екінші блок – Астана Халықаралық Қаржы Орталығының қызметіне байланысты нақтылаушы нормалар.

Бірінші блок Инвестициялық резиденттік бағдарламасы – қазіргі күні әлемде барынша көп таралған құбылыс.

Халықаралық тәжірибені талдау нәтижелері инвестициялық резиденттік нарығының айтарлықтай өсу кезеңінде екенін көрсетіп отыр. Бағдарлама шеңберінде жиынтығы 500 млн-нан 1 млрд. АҚШ долларына дейін инвестициялар тартылуда. 

Бүгінгі таңда екі түрлі резиденттік бағдарлама ұсынатын 80-нен астам осыған ұқсас бағдарламалар бар екендігі белгілі.

Бірінші түрі – инвестицияларға айырбас ретінде тұруға ықтиярхат беретін АҚШ, Канада, Испания, сондай-ақ Латвия мен Греция секілді елдерде іске асырылып жатқан бағдарламалар.

Бағдарламаның екінші түрімен елдің инвестициялық визасы мен салықтық резиденттігін алу ұйғарылады (яғни инвестициялық салықтық резиденттік бағдарлама). Мұндай елдер қатарында Италия, Швейцария, Кипр мен Ұлыбритания бар.

Қазақстанда бағдарламаның екінші түрі – инвестициялық салық резиденттігін қолдану ұсынылады.   

Осылайша, Заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымын және «инвестициялық салық резиденттігі» бағдарламасын енгізу көзделеді.

Салық резиденттігі бағдарламасы Астана халықаралық қаржы орталығының актісімен бекітіледі, бірақ міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілетін болады. Атап айтқанда, Ұлттық экономика, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісіледі.

Бағдарламада инвестициялаудың көлемі мен құралдары, инвестициялық салық резиденттігін алу рәсімдері айқындалатындығын атап өту қажет.

Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы – бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көп мәртелі кіру визасына айырбас ретінде инвестиция тарту болып табылады.

Әлеуетті инвесторлар өз қаражатын Астана Халықаралық Қаржы Орталығы биржасында айналымдағы қаржы құралдарына және бағалы қағаздарға инвестициялайтын болады.

Сондай-ақ Заң жобасында инвестициялық салық резиденттері үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынатын кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босату ұсынылады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының ішінде туындаған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынатын болады, ал шет елде туындаған кірістерге салық салынбайды.

Бұл шара өзінің салықтық шығыстарын оңтайландыруға тырысатын инвесторларға арналған, сол арқылы елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Бұдан басқа, Салық кодексінде (397-бап) қосылған құн салығынан босатылған қаржылық қызметтерді іске асыру бойынша айналымдар тізбесі айқындалған.

Осы тізбеге «Астана» халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының қызметтері енгізілмеген.

Заң жобасында Астана халықаралық қаржы орталығына қатысушыларды қызметтерге салынатын қосылған құн салығын төлеуден босату көзделген.

Түзетулердің екінші блогы Астана Халықаралық Қаржы Орталығының қызметіне байланысты нақтылаушы нормаларды қамтиды.

Айталық, «Астана» халықаралық қаржы орталығының органдары еңбек қатынастары мен сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдауға құқылы болады.

Сондай-ақ «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» жаңа Заңға сәйкес келтіру мақсатында нақтылаушы түзету енгізіледі.

Қорытындылай келе, Қазақстанда инвестициялық резиденттік бағдарламасын іске қосу ұзақ мерзімді перспективада елеулі экономикалық дивидендтер әкеледі деп атап көрсеткім. келеді