МҮЛІКТІ ЖАРИЯЛАУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ
Қазіргі уақытта мүлікті жария етуге ынталылық танытқан адамдар саны күн санап артып келеді. Соған қарамастан, Департаменттің электрондық мекен-жайына мүлікті жариялауға байланысты түсіп жатқан сұрақтар да баршылық. Сондықтан да департаменттің түсіндіру жұмыстары басқармасының хат қоржынына жиналған негізгі сұрақтарды сараптап, оған жауап беруді жөн санадық.
БАСҚА БІРЕУДІҢ АТЫНА РЕСІМДЕЛГЕН МҮЛКІМДІ ӨЗ АТЫМА АУДАРЫП АЛУЫМА БОЛА МА?
Сұрақ: Мен мемлекеттік қызметкермін. 2012 жылы өзіме ғана белгілі себептермен Алматы қаласынан сатып алған үш бөлмелі пәтерімді туысқанымның атына рәсімдеген едім. Енді мүлікті жариялауға байланысты аталмыш пәтерді өз атыма аударып, заңдастырып алуыма бола ма? Болса, қандай құжаттар қажет? Сонымен қатар пәтерімді жариялау арқылы заңдастырған кезде 10 пайыздық алым төлене ме?
Жауап: Мүлікті жария етуге байланысты заңда көптеген жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған. Соның бірі – Қазақстан Республикасының территориясында және шетелдегі басқа біреудің атына ресімделген жылжымайтын мүлікті субьектілер өз атына аударып алуына мүмкіндік береді. Бұл талап «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 10 бабымен реттеледі. Басқа біреудің атына ресімделген мүлікті жариялау кезінде оны қандай қаражатқа сатып алғандығы жөнінде сұрақ қойылмайды және заңда көрсетілгеннен артық құжаттар да талап етілмейді. Бұған қоса 10 пайыздық алым да алынбайды. Ол үшін мүлікті жария етуге мүдделі субьект тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына төмендегідей құжаттарды өткізсе жеткілікті: жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; жария етілетін мүлікке жария ету субьектісінің меншік құқығын белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі; басқа тұлғаның жария ету субьектісіне (басқа тұлғаға ресімделген мүлікті жария еткен жағдайда) мүлікті өтеусіз немесе өзге де нысанда меншік құқығын бергені туралы жасалған шарттың нотариат куәландырған көшірмесі.
Міне, барлық процедура осы ғана. Мемлекеттік кіріс органына тиісті құжаттар тапсырылғаннан кейін мүлікті жариялауға байланысты шешім бес жұмыс күннің ішінде шығарылады. Тағы бір айта кететін жағдай, мүлікті жария ету барысында басқа біреудің атына ресімделген мүлікті заңдастыру кезінде оның санына да шектеу қойылмайды. Яғни, басқа біреудің атына ресімделген жылжымайтын мүлкіңіздің саны оннан, жиырмадан асып кетсе де, жария етуге құқылысыз.
ЖАСЫРҒАНЫМ ҮШІН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАЙМЫН БА?
Сұрақ: Мемлекеттік қызметте жүргеніме он жылдан асты. Он жыл бойы зайыбымыз екеуміз салық органына жеке табыс декларациясын тапсырып келеміз. Жасыратын несі бар, декларация тапсырған жылдары қолымыздағы ақшаны, басқа біреудің атына ресімдеген жылжымайтын бизнес обьектімізді декларацияда көрсеткен емеспіз. Енді мүлікті жариялауға байланысты қолымдағы ақшаны және басқа біреудің атына ресімдеген мүлкімізді жария еткен жағдайда, мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптары негізінде тәртіптік жауапкершілікке тартылмаймын ба?
Жауап: Бұл сұрағыңыз қазіргі уақытта мүлікті жария етуге байланысты ең көп қойылып келе жатқан сауалдардың бірі деп айтуыма болады. Оған жауап беру үшін бірінші кезекте мүлікті жариялау туралы заңның негізгі мазмұнынан бастағаным дұрыс шығар деп ойлаймын. Атап айтсақ, мүлікті жариялау дегеніміз – табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген немесе тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі болып табылады. Яғни, мемлекеттің өзі субьектінің өткендегі кемшіліктеріне рақымшылық жасап, болашаққа заң жолымен жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырғанын түсіне білу керек. Бұған қоса жеке табыс салығын тапсыру барысында қолда бар ақшасы мен жылжымайтын мүлкін жасырып қалғаны үшін мемлекеттік қызметкерлер ешқандай тәртіптік жауапкершілікке тартылмайды. Олай дейтінім, өзіміз сөз етіп отырған заңның бесінші бабында жеке тұлғаның кірістері және мүлкі туралы декларацияны, оның ішінде жұбайының (зайыбының) тапсырмағаны немесе мәліметтерді анық емес түрде бергені үшін тәртіптік жауапкершіліктен босатылатыны айтылған. Сондықтан да бұл мәселеде де алаңдайтын еш негіз жоқ.
ТӘРКІЛЕУГЕ ТҮСІП КЕТПЕЙ МЕ?
Сұрақ: Жасыратын несі бар, мемлекеттік қызметте жүрген лауазымды тұлғалардың көбісі пәре алу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау сияқты әрекеттермен қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатады. Бұндай қылмыстарды жасаған жағдайда, Қылмыстық кодекстің аталмыш бабтарында мүлікті тәркілеу мәселелсі қарастырылған. Сондықтан да мүлікті заңды түрде жария еткен субьект болашақта жазым басып қалған жағдайда, жария еткен мүлкі тәркілеуге түсіп кетпей ме?
Жауап: Рақымшылық шаралары жүзеге асырылған кезде кез-келген субьект өзіне тиісті құқықтармен жан-жақты қорғалуы тиіс. Сондықтан да мүлікті жариялау туралы заңның дүниеге келуіне байланысты Қазақстан Республикасының 8 нормативті құқықтық актілеріне тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Ол – Қылмыстық кодекс, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекс, Азаматтық кодекс, Салық кодексі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң және т.б. Бұған қоса, аталмыш заңның бесінші бабында мүлікті жария ету фактісі және ондағы мәліметтер мен құжаттар қылмыстық іс, әкімшілік құқық бұзушылық ісі және тәртіптік жауапкершілікті қарау кезінде іс жүргізу үшін негіз ретінде пайдаланылмайтындығы айтылған. Яғни, жария етілген мүлік іс жүргізу үшін негізге алынбайтын болғандықтан, тәркілеуге де түспейді
Осы орайда, мүлікті жария етуші субьектілер құқық қорғау органы қызметкерлері мен басқа да лауазымды тұлғалар тарапынан қудалауға түсу әрекеттерінен жан-жақты қорғалғанын нақтылы дәлелдермен айта кеткенім артық болмас. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361 (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану), 362 (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), 365 (заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау) бабтарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістердің бәрі мүлкін жария етуші субьектілердің мүддесін қорғауға бағытталған. Мысалы, аталмыш Қылмыстық кодекстің 361 бабында мүлікті жария етуді жүргізу процесінде алынған ақпаратты пайдалану арқылы қызметтік міндеттерді орындау кезінде істелген іс-әрекеттер – лауазымды тұлғаның мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы айтылған. . Бұл айтқанымызға қоса, Қылмыстық кодекстің «Мүлікті тәркілеу» деп аталатын 48 бабының 5 тармағаның 2 тармақшасында былай деп жазылған: «...Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жария етілген ақша және өзге де мүлік тәркіленуге жатпайды». Міне, бұдан артық қандай кепілдік керек? Сондықтан да мүлікті тәркілеуден қорқатындай еш негіз жоқ.
АВТОКӨЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУГЕ БОЛА МА?
Сұрақ: Мүлікті жария етуге байланысты заңда басқа біреудің атына ресімделген жылжымайтын мүлікті өз атыңа аударып алуға болатыны жөнінде хабарым бар. Ал енді астындағы қымбат маркалы көліктерін өз атына жаздыруға қорқып, басқа біреудің атына жаздырған субьектілер аз емес. Сондықтан да бөгде адамның атына жаздырған автокөлікті жария ету арқылы өз атыңа аударып алуға бола ма?
Жауап: Бұл сұрақтың жауабы өзіміз сөз етіп отырған заңның 3 бабында нақыланған. Атап айтсақ, жариялау арқылы заңдастыруға ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, өз еліміздегі және шетелдегі жылжымайтын мүліктер, басқа біреудің атына ресімделген жылжымайтын мүліктер, т.б. жатады. Өкінішке орай, жылжымалы мүліктердің ішінде автокөліктерді, басқа біреудің атына жазылған автокөліктерді жариялау арқылы заңдастыру қарастырылмаған.
ҚҰПИЯ ТҮРДЕ ЖАРИЯЛАУДЫҢ ТӘРТІБІ ҚАЛАЙ?
Сұрақ: Көп адамдар ақшасының қайда жатқанын ешкімнің білмеуін қалайды. Сондықтан да мүлікті жария етуге байланысты заңда қолма қол айналыстағы ақшаны банкке салмай-ақ, құпия түрде жариялауға болады деп естідім. Сол рас па?
Жауап: Мүлікті жариялауға байланысты барлық мәліметтер салықтық және банктік құпия болып табылады. Оны үшінші жаққа тарату заң жүзінде қатаң жазаланады. Бұған қоса өзіміз басшылыққа алып отырған заңда ақшаны жария етудің екі жолы қарастырылған. Соның бірі – қаражатты екінші дәрежедегі банкке немесе Ұлттық пошта операторына салмай-ақ жариялауға болатын процедура. Ол үшін субьект ақшасын декларативті түрде жария ете алады. Яғни, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына барып, арнайы декларация тапсырады. Ақша жөніндегі мәліметті тек арнайы декларацияда ғана мәлімдейді. Алайда, ақшаны жария етудің осындай процедурасын таңдап алған жағдайда, жария етілген сомадан 10 пайыздық алым алынатыны қарастырылған. Он пайыздық алым тиісті банкке төленгеннен кейін ақша төленген түбіртек арнайы декларациямен қоса мемлекеттік кіріс органына тапсырылады. Шешім бес жұмыс күні ішінде шығарылады. Сол кезде сіздің ақшаңыз заңды түрде жария етілген болып есептеледі. Және де ақшаны декларативті процедура бойынша жария еткен жағдайда қаржы көлеміне ешқандай шек қойылмайды.
БҰРЫНҒЫ ТӨЛЕНГЕН АЛЫМ ҚАЙТАРЫЛА МА?
Сұрақ: 2015 жылдың мамыр айында қолымдағы ақшаны екінші дәрежедегі банкке бес жылға салу арқылы жариялап, заңдастырдым. Содан кейін ақшадан қысылған жағдайда әлгі ақшаның біраз бөлігін банктен шешіп алуға мәжбүр болдым. Жария еткен ақшамды бес жылға жетпестен алып қойғандықтан, мемлекетке заңдастырылған соманың 10 пайызын төлеуге тура келді. Енді осы заңның жаңа редакциясында бұрын төленген 10 пайыздық алым қайтарылып жатыр дейді, сол рас па?
Жауап: Мүлікті жариялауға байланысты заңға енгізілген айтулы жеңілдіктердің бірі – ақша мәселесіне қатысты. Енді ақшаны екінші дәрежедегі банкке немесе ұлттық пошта операторына салу арқылы жария еткен жағдайда, бес жылға дейін алуға болмайтын шектеу мен он пайыздық алым алынып тасталды. Сондықтан да ақшаны 2015 жылдың қарашасына дейін жария еткен субьектілер өздері төлеген он пайыздық алымдарын қайтарып алуға құқылы.
СОТТАЛҒАН АДАМДАР ҚАТЫСА АЛА МА?
Сұрақ: Мүлікті жариялау туралы заңның ескі жобасында сотталған және әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға байланысты белгілі бір шектеулер бар болатын. Ал енді заңның жаңа жобасында осы шектеулер алынып тасталды деп естідім. Осы рас па?
Жауап: Субьектінің мүлікті жариялау акциясына қатысу-қатыспау құқықтары олардың Қылмыстық кодекстің қай баптарымен сотты болғандарына және Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің қандай бабтарымен әкімшілік жауапкершілікке тартылуына байланысты. Сот үкімінің күші жойылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған қаулының уақыты аяқталған жағдайда, көптеген бабтар бойынща шектеулер алынып тасталғаны рас. Бұл талап мүлікті жария етуге байланысты заңның 2 бабында нақтыланған. Сондай-ақ тыйым салу критерилерін анықтайтын жағдайлар да Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстерінің тиісті бабтары бойынша көрсетілген. Сондықтан да аталмыш заңның екінші бабын ғаламтор арқылы қарай салу еш қиындық тудырмайды.
РҰҚСАТСЫЗ САЛЫНҒАН ҚҰРЫЛЫС ҮШІН ЖАУАПҚА ТАРТПАЙ МА?
Сұрақ: Мен қаланың сыртындағы «Шаңырақ» шағын ауданында тұрамын. 2005 жылы өзіме тиесілі жер учаскесіне заңды түрде үй салып алған едім. Барлық құжаттары дұрыс. Алайда, содан кейін үйдің алдына еш рұқсатсыз ас үй, монша және гараж салып алдым. Құжаттары жоқ. Енді осы құрылыс обьектілерімді заңдастырып алуға бола ма? Ол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпай ма? Себебі, маңайымыздағы заңсыз құрылыс жасаған адамдарды атқарушы билік өкілдері келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салуда.
Жауап: Бұл сұрақтың жауабы мүлікті жария ету туралы заңның 7 бабымен реттеледі. Яғни, сіздің мүлікті жария ету жөніндегі әрекетіңіз «Қазақстан Республикасының аумағындағы орналасқан, алайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген мүлікті жариялау» болып есептеледі. Егерде сіздің тұрып жатқан үйіңіз орналасқан жер учаскесі басыбүтін өзіңіздің жеке меншігіңізде болатын болса, онда рұқсатсыз салынған құрылысты заңдастыруда ешқандай кедергі болмайды. Бұл жердегі негізгі талап – рұқсатсыз салынған құрылыс обьектісі тиісті құрылыс талаптары мен ережелеріне толықтай сай келуі тиіс. Сіздің обьектілеріңіздің дұрыс-бұрыстығы аттестацияланған тәуелсіз эксперттің жасаған қорытындысы бойынша анықталады. Сонымен қатар рұқсатсыз салынған құрылыс үшін мүлікті жария етуші субьектілерге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 319 (заңсыз құрылыс), 323 (белгіленген тәртіппен пайдалануға берілмеген обьектілер мен кешендерді пайдалану) бабтары қолданылмайды. Бұл дегеніңіз керемет мүмкіндік екені сөзсіз. Ол үшін тиісті құжаттарды тұрғылықты жер бойынша аудандық әкімшілік жанынан құрылған комиссияға тапсыру керек. Өтініш пен тапсырған құжаттарды комиссияның қарайтын уақыты бір ай. Бұл жерде басты айта кететін жағдай – осы заңда көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктер 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жасаған әрекеттерге (сатып алынған немесе салынған жылжымайтын мүліктерге) ғана қолданылатынын ескерте кеткім келеді.
Осы орайда мына жағдайды да ерекше айта кеткен орынды болар деп ойлаймын. Мысалы, егерде субьект бір құрылыс обьектісін заңды түрде салатын болса, оның жобасын жасау және құрылысқа рұқсат алуынан бастап, салып біткеннен кейінгі құжаттарын заңдастырудың өзіне жарты жылға жуық уақыт кетеді. Ал мүлікті жариялау кезінде заңдастыруға кететін уақыт бір ай ғана. Және де қаншама мекеменің есігін тоздырып, сенделмейді де. Комиссия шешімі шыққаннан кейін жылжымайтын мүлікті халыққа қызмет ету орталығына және жергілікті юстиция мекемесіне тіркеумен ғана шектеледі. Сонымен қатар, комиссияға тапсыратын құжаттардың саны да аз. Атап айтсақ, өтініш, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі, обьектінің құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан ғимараттар мен құрылыстарды техникалық тексеруді жү.зеге асыратын аттестатталған сарапшының қорытындысы және жылжымайтын мүлік обьектісінің техникалық паспортын тапсырса жеткілікті. Бұған қоса он пайыздық алым төленбейді. Міне, өзіміз басшылыққа алып отырған мүлікті жариялау туралы заңның басымдығы мен тиімділігі де осында.
2017 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ ТЕКСЕРУЛЕР БАСТАЛАДЫ?
Сұрақ: 2016 жылдың 31 желтоқсанында мүлікті жария ету мерзімі аяқталады. Содан кейін 2017 жылдан бастап қатты тексерулер басталатынын естіп жатырмыз. Тексеру қалай жүргізіледі және мүлкін жасырып қалған субьектілерге қандай шаралар қолданылады? Соны нақтылы айтып берсеңіздер.
Жауап: Бұл сұраққа жауап берер алдында мүлікті жария етуге байланысты заңның қандай мақсатта қабылданғанына тоқтала кетпеске болмайды. Атап айтсақ, өзіміз сөз етіп отырған заң актісінің негізгі мақсаттарының бірі – 2017 жылы жалпылама декларациялау басталар алдында субьектілерге жасырып жүрген мүліктерін заңдастырып алуға, көлеңкелі бизнестен шығуға зор мүмкіндік беріп отыр. Жалпылама декларациялау деген сөзді мемлекеттік қызметте жүрген адамдар жақсы түсінеді. Ал қарапайым халық арасында бұл түсінік жеткілікті түрде тарамай жатыр. Жалпылама декларациялаудың бұрынғыға қарағандағы талаптары өте қатал. Кезең-кезеңімен енгізілетін жалпылама декларациялау кезінде барлық кіріс пен шығысты жариялауға тура келеді. Судың да сұрауы бар. Сол кезде біреудің атына салып қойған ақша мен бөгде адамның атына ресімдеп қойған жылжымайтын мүліктердің сұрауы болады. Себебі, субьектінің мүлкін өз атына жаздырған адам «Қайдан алдың? Қандай ақшаға алдың?» деген сұрақтар басталған кезде аталмыш мүліктер мен ақшаның заңдылығын дәлелдей ала ма? Тіпті, кейбір субьектілердің ішінде жылжымайтын мүліктерін зейнеткерлердің, жұмыс істемейтін адамдардың атына ресімдеп қойғандары да жоқ емес. Міне, мәселе сонда. Сондықтан да бұл мәселеге бүгінгі күннің мүддесімен емес, болашақтың бағдарымен қараған жөн.
Бұған қоса, Елбасымыз: «Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды. Жариялау жалпылама декларациялау алдындағы соңғы акт. Содан кейін бүкіл шетелдегі ақша мен жылжымайтын мүліктер бойынша тексерулер басталады» деп қатаң ескертті. Сонымен қатар кей адамдардың психологиясында «шетелде жатқан мүлік пен ақшаны қалай табады?» деген теріс пікір бары да жасырын емес. Бұл өте қате түсінік. Себебі, Қазақстан Республикасы «Қылмыстық жолмен ізі жасырылған ақшаны әшкерелеу, алу және тәркілеу туралы» халықаралық Страсбург Конвенциясының мүшесі болып табылады. Бұл Конвенцияға 90-ға жуық мемлекет мүше. Оның ішінде 29-ы «офшорлық аймақтарда» орналасқан. Ал біздің кейбір лауазымды тұлғалар мен бизнес өкілдері өздерінің ақшалары мен жылжымайтын мүліктерін «офшорлық аймақтарда» ұстап жүргендері де жасырын емес. Аталмыш Конвенция шеңберінде шетелдегі банктерде жатқан ақша мен жылжымайтын мүліктерді табу еш қиындық тудырмайды.
Осы орайда, тағы да ескерте кететін мәселенің бірі - Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 275 бабының тақырыбы: «Салық салу обьектілерін және салықтық есептілікте көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру» деп өзгертілді және қосымша 3-ші, 4-ші тармақтармен толықтырылды. Аталмыш бап бойынша салынатын айыппұл көлемі де үлкен. Нақтылы айтсақ, 250-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін. Бұл жерде айыппұл салумен шектеліп қана қоймайды. Егерде салықтық обьектіні жасыру мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалар тарапынан әшкере болатын болса, оның жазасы ауыр. Тәртіптік жауапкершілік (қылмыстық әрекет болмаған жағдайда) Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талаптары тұрғысынан қаралады. Сол жазаның бірі – қызметпен (мансаппен) қоштасуға тура келеді. Сондықтан да қолда бар алтынның қадірін білу керектігі сияқты, өткен шақтағы барлық кемшілігіңді кешіріп (қылмысты деп те айтуға болады), жаңаша жұмыс істеуге зор мүмкіндік беріп отырған заңның жеңілдіктерін барынша пайдаланғанға не жетсін. Гуманистік бағыттағы бұндай нормативтік құқықтық акт болашақтың еншісінде тағы қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер Департаментінің баспасөз қызметі.