Дата публикации: 22.04.2019 10:37
Дата изменения: 22.04.2019 10:37

Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында: «елдің Үшінші жаңғыруы үшін негізгі капиталға жылына жалпы ішкі өнімге 30%-дан асатын деңгейде инвестициялар тарту қажет» деген болатын.

Ол: «нақты сектор мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржымен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шешімдер әзірленсін» деп, сондай-ақ дамыған елдерден инвесторларға баса назар аудара отырып, инвестициялар тартудың кешенді экожүйесін жасауды тапсырды.

Бұл тапсырмаларды іске асыру – Үкімет үшін ерекше маңызды міндет.

Сонымен қатар, соңғы жылдары әлемдік инвестициялық ағындардың серпінінде өзгеру байқалады.

2017 жылы жаһандық тікелей инвестициялар көлемі 23% - ға, 2018 жылы ол 19% - ға, 1,2 трлн АҚШ долларына дейін төмендеген (2016 жылы 1.86 трлн.АҚШ доллары, 2017 жылы 1.47 трлн. АҚШ доллары, 2019 жылы 1.2 трлн.АҚШ доллары).

Тиісінше, инвестициялық ағындар үшін әлемде, әсіресе дамушы экономикалар арасында бәсекелестік күрт өсуде.

Мұны көршілеріміз айқын көрсетіп отыр.

Мәселен, 2019 жылғы 15 наурызда Қытай «Шетелдік инвестициялар туралы» жаңа Заң қабылдады.

Сарапшылардың бағалауы бойынша бұл 10 жыл ішінде олардың экономикасына 1.5 трлн. АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді.

Ресейде бірнеше жыл бұрын тікелей инвестициялар қоры құрылған болатын.

Қазірдің өзінде 50-ден аса жобаға 1.5 трлн. рубльден астам сомаға инвестициялар жүзеге асырылды.

Бұл ретте тартылатын шетелдік инвестицияларға мемлекеттік инвестицияның тепе-теңдігі 7-ге 1-ді құрайды.

Ресейде негізгі капиталға инвестициялар деңгейі жалпы ішкі өнімнің 21% - ын құрайды, ал Қазақстанда бұл жалпы ішкі өнімнің 19% - ынан аз.

Өзбекстан Республикасында ағымдағы жылдың қаңтарында 1 млрд.доллар капиталымен тікелей инвестициялар қоры құрылды.

Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8.5 млрд. доллармен салыстырғанда өткен жылы 3.8 млрд.долларды құрап, екі еседен көп құлдырады.

Сондай-ақ, өкінішке орай, біздің экономикамыздың шикізаттық емес секторларына тікелей шетелдік инвестициялар олардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігін ғана құрайтынын атап өту керек.

Сондықтан, бізге сапалы инвестициялар тарту үшін жаңа тиімді тетіктер құру аса маңызды.

Бұл саладағы инфрақұрылымды мұқият қайта қарау қажеттілігі туындады.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша осы мәселе жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Қолданыстағы тетіктерге егжей-тегжейлі талдау жүргізілді, осал жерлер анықталды, ағымдағы қызметтің тиімсіздік себептері белгіленді.

Негізгі тұжырым мынадай:

• Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды жалпы үйлестіру жоқ.

• Инвестициялық климатты қалыптастырумен министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер және басқалар айналысады.

Бірақ олардың арасында байланыс жоқ.

• Біздің өңір үшін бірегей болып табылатын, Астана халықаралық қаржы орталығында жасалған құралдар пайдаланылмайды.

• Әлемдік инвестициялық қоғамдастық үшін түсінікті форматта ресімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз.

• Елдің инвестициялық имиджін шетелде ілгерілету жөніндегі жұмыс тиісті деңгейден әлі алыс.

Осы жүйелі проблемаларды шешу үшін жұма күні (2019 жылғы 19 сәуірде) Жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Үкімет «Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулы қабылдады.

Осы қаулымен шын мәнінде инвестициялар тарту бойынша жұмыстың Жаңа архитектурасы жасалды.

Бұл еліміздегі инвестициялық қызметтің жағдайын сапалы түрде жақсарту үшін серпін болып табылады.

Жаңа архитектурада ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі ерекше рөл атқаратын болады.

Оған стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асырудың ерекше

шарттарын ұсыну жөніндегі өкілеттіктер заңнамалық деңгейде бекітілетін болады.

Бұл инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажетті шешімдерді тез және жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің инфрақұрылымдық даму мәселелері жөніндегі орынбасары, негізгі министрліктердің (әділет, сыртқы істер, ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы, ішкі істер), Астана халықаралық қаржы орталығының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірінші басшылары, сондай-ақ Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратураның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары кірді.

Инвестициялар жөніндегі Омбудсмен болып Қазақстанның Премьер-Министрі тағайындалғанын атап өту маңызды.

Астана халықаралық қаржы орталығы инвестицияларды тарту және Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша бірыңғай орталық болып айқындалатын болады.

Ол Өңірлік инвестициялық хаб болады.

Сол сияқты онда инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету және инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын қалыптастыру орталықтандырылатын болады.

«Kazakh Invest» акционерлік қоғамы Астана халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне сенімгерлік басқаруға берілетін болады.

Жобаларды қалыптастыру мен сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылатын болады («Жобалар фабрикасы»)

Заманауи цифрлық технологияларды енгізумен виза және көші-қон режимін одан әрі ырықтандыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

Нұр-Сұлтан қаласы мен халықаралық қаржы орталықтары арасында тікелей әуе қатынастарының географиясы кеңейтілетін болады.

Жоғарғы Сотпен және Бас прокуратурамен бірлесіп инвестициялық климатты одан әрі жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.

Жаңа архитектура шеңберінде жобаларды жылжыту былайша болады:

Бірінші кезеңде - Өңірлік инвестициялық хабта («Жобалар фабрикасында») барлық әлеуетті инвестициялық жобалар орталықтандырып жиналады.

Екінші кезеңде – Астана халықаралық қаржы орталығынан сарапшылар мен консультанттарды тарта отырып, "Kazakh Invest" базасындағы жобаларды өңдеу және талдау жасалады. Жобалар шетелдік инвесторлар үшін түсінікті форматтарға келтіріледі.

Үшінші кезең - Астана халықаралық қаржы орталығының қолдағы бар мүмкіндіктері мен Сыртқы істер министрлігінің инфрақұрылымын пайдалана отырып, қолданысқа дайын жобаларды жылжыту.

Төртінші кезең – Астана халықаралық қаржы орталығының заң инфрақұрылымын пайдалана отырып, инвестициялық хаб базасында келісімшарттар жасасу.

Жаңа архитектура қысқа мерзімде іске асырылатын болады:

1. Жақын арада барлық қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, қабылданатын болады. Қазақ Инвест Астана халықаралық қаржы орталығының Әкімшілігіне сенімгерлік басқаруға беріледі.

2. Жаңа архитектураны таныстыру, кейіннен толыққанды

ақпараттық сүйемелдеумен ағымдағы жылдың 16 мамырында болатын Астана экономикалық форумы шеңберінде өтеді.

3. Инвестиция тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы осы жылдың мамыр айында өтеді.

Қабылданып отырған шаралар инвесторлар үшін инвестициялық субсидиялар пакеттерін топтастыруға және жедел қалыптастыруға, тікелей инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі кешенді жұмысты бастауға мүмкіндік береді.

Үкіметтің келесі отырыстарының біріне жаңа тәсілдерді іске асыру үшін барлық қажетті шаралардың толық тізбесімен Жол картасы шығарылатын болады.