Date of publication: 05.01.2016 11:42
Date of changing: 05.01.2016 15:28

                      МҮЛІКТІ  ЖАРИЯ  ЕТУГЕ  БАЙЛАНЫСТЫ СҰРАҚТАР

          Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізіліп, қолдану мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылуына байланысты түсіндіру жұмыстары басқармасына келіп түсіп жатқан сұраулар тізбегі де күн санап көбейіп келеді. Осы орайда, күнделікті түсіп жатқан негізгі сауалдарға талдау жасай отырып,  оның жауабын департаментіміздің арнайы сайтына орналастыруды жөн санадық.

   Сұрақ: Аталмыш заң аясында қандай мүліктер, яғни қандай жеке құндылықтар  жариялау арқылы заңдастыруға жатады? (Мұрат, Алматы)

    Жауап: Бұл сұрақтың жауабы өзіміз сөз етіп отырған Заңның үшінші бабында нақты айқындалған. Атап айтсақ, ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, басқа біреудің атына рәсімделген жылжымайтын мүлік, еліміздің территориясындағы ғимараттар, шетелдегі жылжымайтын мүліктер мен қаржылар жариялау арқылы заңдастыруға жатады, Осы орайда пайдалану құқығы сотпен қаралып жатқан мүліктер, несиеге алынған қаражат, мемлекет пайдасына берілуге тиісті мүлік, бюджет қаражатына салынған обьектілер, т.б. жария ету арқылы заңдастыруға жатпайтынын айта кеткен орынды деп ойлаймын.

   Сұрақ: Көп адамдарды мүлікті жария ету барысында төленетін он пайыздық алым мөлшері алаңдатады. Сондықтан да осы он пайыздық алым қандай жағдайда және қалай алынады? Он пайыздық алымды төлемеу қандай тәртіппен жүзеге асырылады, соған жауап берсеңіздер? (Манат Т.Алматы)

    Жауап: Бұл өте орынды сұрақ. Себебі, заңды оқымаған немесе оқыса да дұрыс түсінбеген адамдардың ішінде: «Мүлікті жариялау барысында міндетті түрде он пайыздық алым алынады екен, оны қалай төлейміз?» деген жаңсақ түсініктен арыла алмай жүргендер көп. Сондықтан да мүлікті, оның ішінде қаржыны заңдастыру кезінде қандай жағдайда он пайыздық алым алынбайды, соған тоқталайын. Мысалы, еліміздің территориясында тиісті талаптарға сай рәсімделген немесе құжаттары уақытында дайындалмаған жылжымайтын мүліктерді жариялау кезінде он пайыздық алым алынбайды. Он пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын, оның ішінде басқа біреудің атына жазылған мүліктерді жариялау кезінде ғана алынады. Өз еліміздегі және шетелдегі жылжымайтын мүліктерді жария етудің тәртібі аталмыш заңның тоғызыншы және оныншы бабтарында жақсы түсіндірілген. Ал енді қаржыны жария ету мәселесіне тоқталайын. Бұл шара өзіміз басшылыққа алып отырған Заңның сегізінші бабының (ақшаны жария етуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі жөніндегі жалпы ережелер) талаптары негізінде жүзеге асырылады. Мысалы,  қажының иесі, яғни жария етуші субьект қаражатын екінші дәрежедегі банкідегі жинақшоты арқылы көрсетіп,  әртүрлі активтерге салса (мемлекеттік құнды қағаздар, т.б) немесе инвестиция құралы ретінде жұмсайтын болса, ондай жағдайда он пайыздық алым алынбайды.  Тағы бір ерекшелік, ақшаны екінші банкке салмай-ақ жария етуге болады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органына арнайы декларация тапсырса болды. Бұндай жағдайда он пайыздық алым төленеді. Сонымен қатар ақша ұлттық және шетел валютасында екінші деңгейдегі банкте, Ұлттық пошта операторында ашылған ағымдағы шотқа салу (аудару) және тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына арнайы декларацияны тапсыру арқылы жария етілуге жатады. Жария етілетін ақшаны ағымдағы шотқа енгізген (аударған) кезде екінші деңгейдегі банк, Ұлттық пошта операторы жария ету субьектісіне аударылған ақша сомасының мөлшерін растайтын анықтама береді. Арнайы декларация мен анықтама мүлікті жария етуші субьектіні  лауазымды тұлғалар тарапынан орын алып жататын кез-келген заңсыз әрекеттерден қорғайтын негізгі құжат болып табылады.

    Сұрақ: Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан да болашақта құқық тәртібін бұзып, жауапкершілікке тартылып  қалған жағдайда, жария етілген мүлік пен қаржы заң алдында жауап беретін обьектіге айналмай ма? Тәркілеуге түсіп кетпей ме?»  Осы жағы қалай? (Мұхтар М. Алматы)

      Жауап: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мүлікті жариялау – соңғы  мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды» деп қатаң ескертті. Сонымен қатар аталмыш жариялау акциясы біткеннен кейін шетелдегі жылжымайтын мүлік пен есепшоттар бойынша түскен ақпараттардың барлығы мемлекетаралық келісімдер негізінде түбегейлі тексерілетінін, қатаң шаралар қолға алынатынын да қадап айтты. Осы орайда мүмлкін жария етуші субьектілерге рақымшылық шаралары жүзеге асырылған кезде кез-келген субьект өзіне тиісті құқықтармен қорғалуға тиіс. Аталмыш заңда азаматтардың мүлікті жария ету барысында басшылыққа алатын  қорғалу құқықтары да жан-жақты қарастырылған. Атап айтсақ, аталмыш заңның бесінші бабында азаматтарға берілетін кепілдіктер Қазақстан Республикасы Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзу кодекстерінің қандай баптарымен қорғалатыны, қандай жағдайда қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтыны нақты айтылған. Тағы да бір ерекше айта кететін жағдай – мүлкін жария етуге ынталы субьектілердің мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361 (Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану), 362(Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану), 365 (Заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау) бабтарына да тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 361 бабында мүлікті жария ету процесінде алынған ақпаратты пайдалана отырып, аталмыш заңда белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде жасалған іс-әрекеттер – мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы нақты көрсетілген. Бұған қоса тиісті тәртіппен жүзеге асырылған жариялау обьектісі кез-келген уақытта (болашақта да әртүрлі жағдайлармен қылмыстық іс қозғалған жағдайда)  дәлел ретінде қолға алынбайтын болғандықтан, сот шешімімен тәркілеуге де жатпайды. Осылайша, мүлікті жария етуші субьектілер бір ғана заң емес, бірнеше заңмен қорғалатыны жан-жақты қарастырылып отыр.

     Сұрақ: Осы уақытқа дейін жеке табыс салығы жөнінде мемлекеттік кірістер органына декларация тапсырып келген кейбір мемлекеттік қызметшілердің ішінде өзіне тиесілі қаражаты мен мүлкін жасырып келген субьектілер де аз емес. Енді осы қолданыстығы заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметтегі азаматтар өз мүлкі мен қаржысын жария еткен жағдайда, олардың жауапкершілікке тартылмауына қандай кепілдік бар?( Ақмарал, Алматы)

      Жауап: Бұл сұрақ талай адамдардың көкейінде жүрген сауал десе де болады. Сондықтан да бұл сұраққа өзіміз сөз етіп отырған заңның бесінші бабымен (Осы заңмен ұсынылатын кепілдіктер) жауап берейік. Мысалы, осы бабтың 1 пунктінің 3 тармақшасында былай деп көрсетілген: «Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) жеке тұлғаның кірістері және мүлкі туралы декларацияны, оның ішінде жұбайының (зайыбының)  тапсырмағаны немесе осындай декларациялардағы мәліметтерді толық емес, анық емес түрде бергені, оның ішінде жұбайының (зайыбының) бергені үшін тәртіптік жауапкершіліктен босатылады». Міне, бұл мәселеде алаңдайтын негіз жоқ. Себебі, бәріне заң кепілдік беріп отыр.

    Сұрақ: Мүлікті жария етуші кейбір субьектілер жүзеге асырылып жатқан акция барысында өз аттарының жария болмауын да қалайды. Осы орайда бұл шараның қаншалықты құпиялығы жөнінде айта кетсеңіздер? (Қайрат, Алматы)

    Жауап: Жария етуге байланысты кез-келген мәлімет салықтық және банктік құпия болып табылады. Ол құпияны ешкім де үшінші жаққа таратуға құқылы емес. Ақпаратты тарату арқылы теріс әрекет жасаған адамдардың мәселесі  қылмыстық жауапкершілікпен қаралады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223 бабына төмендегідей өзгерістер енгізілді: «Мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларының, ұйымдар қызметкерлерінің «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы»  Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде алған ақшамен және (немесе)өзге де мүлікпен жасалған операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты олардың заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш  жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Міне, мүлікті жария етуге мүдделілік танытқан субьектілер үшін бұдан артық қандай жеңілдік пен кепілдік керек? Бұндай нормативтік-құқықтық акт алдағы жылдардың еншісінде тағы да қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Сондықтан да өткенге кешіріммен қарап, болашақта сеніммен қадам басуға мүмкіндік беретін заң актісінің беріп отырған жеңілдіктерін дер уақытында пайдалана білген абзал.

     Сұрақ: Мысалы, қалалық жерлерде көп қабатты тұрғын үйлердің маңында  қабаттасып тұрған гараждар аз емес. Көбісінің тиісті құжаттары да жоқ. Сондықтан да гараж иелері өздеріне тиесілі мүлікті жария ету арқылы заңдастыруға бола ма?(Қадыролла, Алматы)

   - Көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында орналасқан гараждар мүлікті жариялау талаптарына сәйкес келмейді. Себебі, көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында гараж орналасқан жер халықтың ортақ негізде қолданылатын игілігіне жатады. Ал халықтың ортақ негізде қолданылатын жер көлемі жекешелендіру обьектісі болып табылмайды. Субьект өзінің жеке меншік жерінде орналасқан гаражды немесе басқа да құрылыс обьектісін ғана жария ете алады. Ол үшін тәуелсіз эксперттің субьектінің жария ететін мүлкі тиісті құрылыс талаптарына сай екендігін растайтын қорытындысы керек. Содан кейін барып тиісті құжаттар тізімі мүлікті жария ету комиссиясының қарауына беріледі. Комиссия өз шешімін отыз күн  ішінде жария етеді.

    Сұрақ: Мүлікті жария етудің ерекшеліктері мен жеңілдіктері жөнінде хабарымыз бар. Осы орайда, табыс салығы бойынша декларацияда көрсетпей, өзіне тиесілі қаржы мен мүлікті жасырып қалған субьектілерге қарсы қолданылатын тиісті шаралар қарастырылған ба?(Қатипа, Алматы)

      Жауап: Кез-келген заң жеңілдік пен кепілдік берумен қоса, заң талаптарын орындамағаны үшін жауапкершлікке тарту мәселелерін де назардан тыс қалдырмайды. Мүлікті жария етуге байланысты біраз нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгенін жоғарыда айтып өттік. Енді аталмыш заң талаптарын орындамағаны үшін қолданылатын шараларға қысқаша тоқталайық. Мысалы, Қазақстан Республикасы ӘІкімшілік-құқық бұзу туралы кодексінің 275 бабының мазмұны: «Салық салу обьектілерін және салықтық есептілікке жататын өзге де мүлікті жасыру» деген редакцияда өзгерді. Сонымен қатар осы бап қосымша 3 және 4 тармақтармен толықтырылды. Онда былай деп көрсетілген: «Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде меншік құқығындағы мүлкінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарында ақшасының болуы туралы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтерді жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетпеу жолымен жасыруы – екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады. Әкімшілік жаза қодлданғаннан кейін бір жыл ішінде осы бабтың үшінші бөлігінде белгіленген бұзушылықты жоймау – бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.» Осы орайда, болашақта мүлкі мен қаржысын жасырған субьектінің жауапкершілігі қылмыстық іске қатысты қаралып жататын болса, айыпталушыға бұдан басқа да қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екендігін еске сала кету артық емес деп ойлаймын.

Сұрақтарға жауап берген ұйымдастыру 

жұмыстары басқармасының бөлім

басшысы Бекен Төлеужанұлы Нұрахметов.