Дата публикации: 13.12.2018 09:27
Дата изменения: 13.12.2018 09:33

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Салық кодексінің 412-бабы 1-тармағы 5)-тармақшасының редакциясына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған кезде импортталған тауарларды өткізген жағдайда салық төлеушілер шот-фактура жазып беруге міндетті.

Сонымен бірге, Салық кодексінің 412-бабы 13-тармағына сәйкес шот-фактураны жазып беру мынадай жағдайларда:

1) есеп айырысулары:

сатып алушыға бақылау-касса машинасының чегін ұсына отырып, қолма-қол ақшамен және (немесе) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалдары арқылы;

төлем карточкаларын пайдаланып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықты (құрылғыны) қолдана отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілген;

2) есеп айырысулары электрондық ақшамен немесе электрондық төлем құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жеке тұлғаларға өткізілген;

3) жеке тұлғаға ұсынылған коммуналдық көрсетілетін қызметтер, байланыс қызметтері үшін есеп айырысулар екінші деңгейдегі банктер, пошта операторы арқылы жүзеге асырылған;

4) теміржол немесе әуе көлігімен жолаушыны тасымалдау қағаз жеткізгіштегі жол жүру билетімен, электрондық билетпен немесе электрондық жол жүру құжатымен ресімделген;

5) тауар дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлғаға өтеусіз берілген;

6) Салық кодекстің 397-бабында көзделген қызметтер (қосылған құн салығынан босатылатын қаржылық операциялар бойынша) көрсетілген жағдайларда талап етілмейді.

Жоғарыда жазылғандарға байланысты импортталған тауарларды өткізген жағдайда Салық кодексінің 412-бабы 13-тармағының 1) - 6)-тармақшаларымен қарастырылған жағдайларда шот-фактураларды жазып беру талап етілмейді.